- Ақпарат
- 19 Сәуір, 2024
КӘСІБИ ӨНЕГЕ
Қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бір мезгілде құрылған журналистика факультетінің тоқсан жылдық тарихының тобықтай бір түйініне айналған тарихи ізгі құбылыстың бірі - ұлт ұрпағының санасын дүр сілкіндірген «МІРЖАҚЫП. ОЯН, ҚАЗАҚ!» деректі-көркем фильмі. Осындай қазақ халқының рухани өмірінен ойып тұрып орын алған фильмді жарыққа шығарған режиссер – біздің журналистика факультетінің 2008 жылғы түлегі, кураторлық тобымның студенті - Есжан Мұрат.
1909-1935 жылдар аралығындағы «Алаш-Орда» үкіметі мен Қазақстандағы ұлт- азаттық қозғалысын ұйымдастырған көшбасшылардың бірі Міржақып Дулатұлының өміріндегі мейлінше маңызды кезеңдерді баяндаған бұл тарихи-танымдық кинотуынды білім мен мансаптың, күнкөріс пен мақсаттың аражігін ажырата алмай санасы сансыраған кейбір жас буын өкілдері үшін жарық сөніп қалған сәттегі жол көрсететін шамшыраққа, ал өз елінің келешегі үшін күресуге құлшынып, өткенін танып, бүгінін бағалауға талпынған талапты, талантты ұлдар мен қыздар үшін қайсар рухтың, елжандылық ерік-жігердің қайнар көзіне айналды.Себебі, фильмнің режиссері біздің Есжан Мұрат бұл тақырыпты ашуға, қазақ халқы үшін қасық қанын, шыбын жанын қиған ұлттың зиялы ұлының бейнесін сомдайтын айрықша құнды шығарма жасауға сонау студент кезінен бастап ынта-ықыласымен, кәсіби көзқарасымен құлшынды. Қасында дәл осы фильмнің сценарийін жазуға атсалысқан екі автордың бірі, ғалым-ұстаз Ұшқын Сәйдірахмандай досы болды. Ақыры, екеуінің достығы үлкен шығармышылық еңбекке ұласты. Сондықтан да фильмде данышпан Абай айтқандай, «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» бар. Телехикаяның басты қаҺарманы мен оның қалап алған жарының рөлін сомдаған актерлер сәтті таңдалып қана қоймай, өз рөлдерін терең тебіреніспен, биязы талғаммен, соншалықты шынайы сомдаған. Сол үшін де фильмді көрген адам өмірде болған Міржақыптың өзін көргендей күй кешеді. Міржақыптың нағыз откеуде, жалынжүрек жігіт екені әсіресе, махаббат баяны арқылы әсерлі ашылған. Эпизодтағы қарапайым халықтың бастан кешірген күйлерінде режиссердің ұлты үшін жүрегінің бір пұшпағы үзіліп түсетіндей қолтаңбасы көрініп – ақ тұр (фильмдегі қылыш оқиғасының басталуы мен аяқталуы). Фильмдегі дыбыс режиссурасы, кейіпкерлердің ішкі сөзі, яғни, монологы, бейне мен сөздің үйлесімі, кинотуындының мағыналық сипатта әуенмен әрленіп, сазбен көмкерілуі, оқиғалардың сабақтастығы, фактілердің өмір шындығы ретінде көрініс табуы, қазақтың басына түскен қасіреттің (ашаршылықтың, әділетсіздіктің, т.с.с) жүректі сыздатып, миды мұздатып, көрерменнің жетесіне жетуі бүгінгі журфак студенттері үшін кәсіби өнеге емей немене?! Фильмді қолға алған кезден бастап, жарыққа шыққанға дейінгі әрбір істің, жүзеге асу тұрғысынан келсек, 8 айға созылған қыруар шығармагылық процестің әрбір сәтіне Есжан Мұраттың асқан жауапкершілікпен, қаражат пен мүмкіндік шектелген шақта ақылға сиятын қисынды тапқырлықпен әрекет еткені болашақ әріптестеріне үлгі емей немене?!
Әрине, фильм өзіне лайықты бағасын алып, үздік деп танылды, марапаттар мен жүлделерге ие болды, кинотеатрларда көрерменнің көзайымына айналды.Осының бәрі Есжан Мұрат фильмнің ойтүйіні ретінде тілге тиек еткен Әлихан Бөкейхановтың «Тірі жүрсем қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген тілек сөзінен туған адамның өзіне деген, маманның кәсібіне деген, азаматтың еліне, жеріне деген адалдығының, таза еңбегінің жемісі емес пе?!
Өскелең ұрпақ өнеге тұтатын, тындырған тірлігінен үлгі алатын ізгі шәкірттеріміздің қатары толыға берсін!
Әбдіжәділқызы Жидегүл
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті
855 рет
көрсетілді0
пікір