• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Шың мен Шыңырау

«Ораз өте орнықты, сергек ойлы, кең құлашты нағыз мемлекет адамы болатын. Ол Қазақстан талай таршылыққа ұшыраған кезде торыққан емес. Өмір ылғи молшылық емес – кейде бар, кейде жоқ, бірақ Ораздың алдынан наразы болмай кетуші едік...» Естеліктің авторы – жазушы Ғабит Мүсіреп. Қаламгердің айтып отырған тұлғасы – Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры, қоғам қайраткері, күрескер Ораз Жандос Қиқымұлы.

 

Қазақтың жаңғыру кезеңі болды ма, бастауы қайда, өкілдері кім? Хан-билер мен кетпен дәуір арасы тоғысқан кезең – қазақ қоғамында мұнар күн, буыршын мұзға тайған күн болғанымен, Өрлеу дәуірі туған кез. ХХ ғасырдың басы! Қазақ бастауында тұрған, жаңғыруды жасаған, гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген Алаш ардақтылары, Алаш зиялылары еді. Ұлт көсемі Әлиханнан басталған күрес – қилы да қиын, қан парақ тарих жазылған уақыт. Алаштың ренессанс­тық сипаты Ұлы ұлтшылдық дәуір ғана туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхаметжан, Жанша, Әлімхан т.б. қайраткерлерді, Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сынды алыптарды қалыптастырды. Қазақтың «Өрлеу дәуірін» тудырды. Міне, сол дәуірдің жасаушысы, қаңқа құраушысы, бірегей өкілі, шоғыры биік, жанқияры – Ораз Қиқымұлы. Қырықта қиылған құс қанат ғұмырында ойлағаны қазақтың қамы, белгісіз ертеңі еді. Олай болса, жанқияр Қиқымұлының жақсылығы мен өзіндік майданымен бірге танысайық.
Жас Оразды жаңа ғасыр – Қарқаралы жарлығымен, кезек-кезек орнаған Төңкерісімен күтіп алды. Тастүлекті тасжүрек тарих өз тезіне ерте салды. Сондықтан болар Қиқымұлы саяси ортаға тез шықты, тез есейді. Өктем үкімет пен отаршыл жүйеде жүріп, елдік мұрат-мүдде жолындағы тар өткел, тайғанақ, тілерсек кескен тілім жолды көрді. Тізеден тік тұрып, ұлттық құндылық үшін рухани айқас жасады. 
Саяси Әлқисса кезеңі 1916–1924 жылдар аралығын қамтыды. Бұл кезең – Қиқымұлын шыңдаған, шырғалаңға төтеп берер мінезін қалыптас­тырған уақыт. 1917 жылдың соңында «Көмек», кейін «Ұшқын» газетін шығаруға бастама көтеріп, «Көмек» газеті редакторының міндетін қоса атқарған. Жиырмадан енді асқан шағында Жетісу облыстық атқару комитетінің мүшелігіне қабылданып, одан ұлт істері бөлімінің меңгерушісі атанады. Өз жұмысын тиянақты орындап, аталы сөздер айтқан. Мысалы, 1919 жылдың 19 наурызында бастау алған Жетісу облысы кеңестерінің төтенше шақырылған съезінде: «...Қырғыздардың материалдық хал-ахуалын көтеру мәселесіне тоқталмастан бұрын, ұлттар арасында, нақты жағдайда, қырғыздар мен орыстар арасындағы қарым-қатынасқа тоқталу қажет: әлеуметтік тұрғыдан келгенде қырғыздар әлі қаналушылар жағдайында; қырғыздар Кеңес үкіметін қолдауда деген көзқарас өсіріліп айтылған; қырғыздар Кеңес үкіметін оның идеялық негізінде мо­йындаған жоқ, үркіп-қорыққаннан, өз өмірін сақтап қалу мақсатында ғана; ал болып жатқан оқиғалардың мәнін түсініп, қабылдау өте қиын немесе тіпті мүмкін емес; олар революцияның алғашқы кезеңіндегі әртүрлі отряд мүшелерінің зорлық-зомбылығынан өте үркіп қалған... Сондықтан қырғыздардың экономикалық жағдайын көтеру мәселесін айтпастан бұрын, орыс-қазақ қарым-қатынасын реттеу қажет», – деп ашық айтып, мінез көрсетеді, құқық жайын сөз етеді. Облыстық ұлт істері жөніндегі бөлім алқасының жиналысында Қазақстандағы ісқағаздар қазақ тілінде жүргізілуі керек дегені ше? Өрімдей жастың ерлік танытқаны. Ісқағаз жайы жалпақ жұртқа мұсылман тілінде, одан кейін барып орыс тіліне аударылуы керегін табанды түрде талап еткені – ұлттық тілдің ошақ қасында емес, заңда, Отан дәрежесінде қалғанын тілеуі. Кеңпейілдік танытпайтын кер заманда осылай талап ету, іс жүзінде көрсету ерлік емей немене? 
1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­лістің сардары Ораз Жандос екенін білесіз бе? Қытайға босып кеткен халықты Ахмет әкейдің айтуымен елге қайтаруы, сондай-ақ 1919 жылы Алаш орданың атты әскерін Мұхаметжан Тынышбай екеуі қызылдардың қыр­ғынынан алып қалғаны да бар. Тіпті Қазақ елінің тұтастығы үшін Жетісу өлкесін Түркістаннан бөліп, қазақ жеріне қаратуға атсалысуы, 1927 жылы ұлт-­азаттық көтерілістің құрбандары құрметіне Ереуілтөбеге ту тігіп, ұлттық мүддені ойлауы, аждаһадан айыбы жоқ қазағын қамқорлығына алғаны Ораз Жандостың Отанын сүйгені деп білеміз. 
1919 жылы Ораз Қиқымұлы Шамалған, Жайылмышы, Верный, Тоқмақ, Қарғалы, Ұзынағаш, Бидалы және Күрті уездеріне іссапармен барады. Сапар барысында «Атқамінерлер» мен «халық адамдарының» съезін өткізеді. Сонда Ораз: «...Осында айтылғандарды ертелі-кеш еске түсіріп, өзгелерге ұқтыруға, өздеріңіз іске асыруға әрекет жасайды деп сенеміз. Сіздер үшін тар жол, тайғақ кешуде қайырылып қарап бастарыңызды қостық. Ескілікті қалдырып, жаңалыққа бет бұруға шақырдық. Қазақ-қырғыздың жарлы бұқара жұмысшы халқы сіздерге көз тігіп қарап отыр. Сол бауырларыңызды ел қатарына қоссаңыздар. Олар әркімге сенгіш, әркімнің тіліне ергіш. Адаспауына бас-көз болыңыздар. Жалпы, адам дәрежесінің бір болған уақыты. Бұларды сіздер түсініңіздер, олар түсінсін...» – деп аталы сөз, астары алпауыт ой айтқан екен. Атқамінерге елдің жүгін, ардың таразысын түсіндіре сөйлейді. 
Ал 1919 жылдың ақпан айында мұ­сылман әйелдерінің Жетісудағы тұңғыш съезін ұйымдастырған екен. 1919 жылғы «Көмек» газетінің 3 ақпан, №10 санына берілген «Жетісу уәлая­ты милли істері бөлімінің 4 қаңтар 9-протокол үзіндісінде» съезд мақсатын былай деп көрсетіпті: «Заманның өзгеруі бізге көрсетті: біздер әйел-қыз­дарымызға сатылатын малдай қылып қарамай, оларды білімге ерікті граждан деп тануымыз лазым, сол жақтан бұл сайлауға адам қарсы келмесін, қарсы келген адам үкімге бұйырылып, сұраққа тартылады!» Әйел теңсіздігі, әйел құқығын да сөз етті, міне. Осы мақаланың аяқ жағында сауалдама берілген. Сауалдама сұрақтары – жасы 16-ға жетпеген қыздарға құда түсіп, күйеуге беруге жарай ма, жарамай ма? Қалың мал болмасын дегенге қалай қарайсыз? Жесір өз ықтиярымен байға тиюіне қалай қарайсыз? Осындай жұмыстардың жүргізілу нәтижесінде 1924 жылы әйелдерді күндіктен, құлдықтан азат ету жөнінде заң қабылданады. Немесе Ұлттық кітапхана сирек қолжазбалар қорындағы 1929 жылғы «Әйел теңдігі» журналының №2–3 санындағы «Әйелдерді басты орындарға қою туралы» мақаласында: «Әйелдерді әлеуметтік орындарға пайдаланумен қатар, кәсіпшілер, партия, шаруашылық жұмыстарында, сөз жоқ, пайдаланамыз. Округтік партия комитеттері мен округтік Кеңес комитеттеріне бастық болуға әйелдер толық жарайды. Бірақ бізде осы күнге дейін ол болмай отыр. Бұл – біздің кемшілігіміз. Келешекте оны жою керек», – деген екен. Президент архивінде көрсетілген деректер бойынша, Ораз Қиқымұлы 1927 жылдың желтоқсан айында Қазақ Орталық Атқару комитетінің жанындағы әйелдер еңбегі мен тұрмысын жақсарту ісімен айналысқан комиссия алдында мынадай мәселелер көтереді: «Қазақ аудандарында І деңгейдегі қыздар мектептерін ашу, мектептерде қолөнерге көп көңіл бөлу, Шымбай, Әулиеата, Жаркент, Семей, Гурьев қалаларында 4 жылдық І деңгейдегі қыздар мектептерін ашу, мұғалималар даярлайтын Семей 7 жылдық қазақ мектебінде, Ақтөбе педагогикалық техникумында, Қызылордадағы Қазақ институтында 2 жылдық курстар ұйымдастыру». Әйел бұқарасының әлеуметтік дәрежесін көтеруді Ораз Жандос өз уақытында айтып кеткенін көріп отырмыз. 
 Ораз Жандос ақындар слетін өткізу қажетін де көтерген екен. Ора­йын келтірсек, үкіметтің сөзін жырға қосады, халық пен билік арасындағы алтын көпір сынды сөздерді айтып, сол жылдың мамыр айында слетті өткізіп тынады. Шараға Жамбыл Жабай, Кенен Әзірбай, Үмбетәлі сынды жыр алыптары қатысады. Ораздың ойлағаны – ауызекі әдебиетті жоғалтып алмау, жыр дүлейлерін елеп-ескеру, жүйені айтып, жырауларды жалпақ жұртымен қауыштыру. 
1921 жылдың 2 қаңтарында Жетісу облыстық әскери-революциялық комитетінің төрағасы қызметіне кірісе сала, озбыр саясат кезінде Верный атанған қала атауын Алматыға ауыс­тырады. Сондай-ақ 1921–1922 жылдары Жетісудағы жерлерді басып алған өктемдерді білген Ораз Қиқымұлы облыс­тық жерге қоныстандыру қорына, жер қалмаған қазақтарға реформа бойынша 532,98 десятина жер қайтарады. Оның 137,394 десятинасы орыс кулактары. Осындай белсенді, өжеттілігімен көзге түскен Ораз 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісіне тағайындалады. Тағайындалған соң, Ташкентке сапарға барып, С.Асфен­дияр, Халел Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы мен Ә.Ермек сынды зиялы қауымды Алматыға жұмысқа шақырады. 1926 жылы қазақ ауылының дауысы Қосшы одағының мүшесі атанады. Сол жылы Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби Қазақ драма театрын ашуға үлес қосады. «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Әйел теңдігі» басылымдарын жандандыруға атсалысады. 1916 жылғы көтерілістің он жылдығын (1926) тойлауды ұйым­дастыру туралы облыстық комитетке хат жазуы О.Жандостың қазақ халқының тілі мен кілтін тата білгенін көре аламыз. Хатта: «...Тарихи дамудың өзі өлкедегі қазақтардың барлық көтерілісінің экономикалық негізі отарлау мен саудалық қанау екенін көрсетеді. Алғашқыда өлкені бейбіт отарлау, келе-келе өлкені ұйымдасқан түрде жаулау, қазақтардың атамекен жерлерін тартып алу, бірте-бірте қазақ даласына қамалдар салу арқылы даланы жіктеу. Мінеки, қазақ даласын отарлау, жаулап алу жолдары. Бұл жаулап алу қажетті деңгейдегі жауап тудырмай қоймайтын еді, ал патша шенеуніктерінің дарынсыздығынан оқиға тек жеделдетіле түсті», – деген еді. Немесе «Кенесары Қасым, Қаратай, Қайыпғали Ишим, Исатай мен Махамбет, міне, қазақ халқының тәуелсіздігі жолында қаза тапқандар есімі», – деп, кешегі батырларды да атап өткен екен. 
1930 жылдың басында Ораз Жандос мәдени-ағарту жұмыстарына кіріседі. Тізіп берсек, 1928 жылы Ташкенттегі Қазақ Жоғарғы педагогикалық институтын таратып, Қазақ ағарту институтын қайта құру мәселесін көтереді, 1929 жылы қазақ балалары үшін «қаладан ауылға» атты мәдени жорық жасайды. Сауатсыздықты жою бо­йынша бағдарламалар ұсынады. Ораз Қиқымұлының сирек қор архивіндегі 1929 жылғы Жаңа мектеп журналының №1 санында берілген мақаласында «Мәдени аттаныс» деп сауатсыздықты жоюдың түрлі амал-тәсілін көрсетеді. Мысалы: «Мәдениет аттанысына» бұрын арабша сауатты 50 000 малайға, кедейге, орта шаруаға және әліппемен сауат аштыру керек. Өйткені бұған сү­йеніп, мәдениет жұмысын күшейтуімізге болады. Мәдениет аттанысының түп мақсаты ауылда жаңа алып орнату. Ауылда 100 мың адамға қара танытсақ, ауылда жаңа алып орнаса, қалада жаңа алып жұмысы қызады. Сондықтан бұл аттаныстың тарихи маңызы зор», – деген. Аттаныстың нәтижесінде 1929 жылғы есеп бойынша, 140 мың адам сауат ашуға тартылса, 1930 жылы 275 мың, 1931 жылы 600 мың, 932 жылы 800 мың адам тартылған. Одан бөлек, 267 кітапхана, 410 клуб, 236 жылжымалы кино, 273 радиоқондырғы ашылыпты. Ораз Жандостың бо­йындағы іскерлікке жақындығы қазақ ағарту, мәдени салаларына үлкен үлес қоса білгенін көріп отырмыз. 
Ораз Қиқымұлы Алматыдағы ескі қоғамдық кітапхананың мүшкіл жайын көріп, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесіне хат жазады. Кітапхана қажеттілігі жайында былай дейді: 
«...ҚазАССР ғылыми-зерттеушілік жұмыстар мақсатында қажет. Формасы бойынша ұлттық мәдениет дамуында жаңа деңгейге көтерілуге тиіс». Көп ұзамай, 1931 жылы 12 наурызда Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының 10 жылдығына орай Орталық Атқару Комитетінің «Қазақ АКСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасын құру туралы» қаулысының негізінде кітап­хана ашылып, алғашқы директоры атанады. Кітапханада 4 өндірістік-қызметтік: Кітап қорын толықтыру, Кітап сақтау, Каталогтеу, Абонемент және Ғылыми анықтамалық бөлімдері ашылады. Басшы ретінде кітапхана – Қазақстан туралы жазылған деректерді, құжаттарды, кітаптарды, қазақ тіліндегі газет-журналдарды қорға жинау және оларды талапқа сай сақтауды негізгі міндет ретінде қарастырады. Кітапхана ісін өрістетудің алғышарты ретінде Қазақстан туралы және қазақ тіліндегі барлық басылымдарды жинақтау, Кеңес одағы Ғылым академиясының Мәскеу, Ленинград, Сібір бөлімшелерінен ғылыми кітаптар алдыру мәселесін көтереді. В.И. Ленин атындағы КСРО көпшілік кітапханасынан, Украина мемлекеттік кітапханасынан кітаптар алдыртады. Тіпті абақтыдан шыққан Мұхтар Әуезовті көпшілік кітапханаға қызметке шақырады. Мұхтар жайлы айтқаны: «...жұмыс істесек, халыққа қажет еңбектер жазуы керек. Бәрімізде қолымыздан келгенше... көмектесуіміз қажет. Әуезов – керемет жазушы, әдебиетіміздің үміті мен мақтанышы», – деп айтқан екен. 
Міне, қазіргі Ұлттық кітапхананың қанбасын байытып, болашақ ұрпаққа керек рухани орданың ошағын жағып берген арда тұлға. 
Ораз Қиқымұлы Алаш қайраткерлерінің идеясын ұстанушы, үкімет басында жүрсе де, жоғарыда айтылғандай, шығарған үкімдері ел игілігі үшін жасалған. Ораз Қиқымұлы 1927 жылы Халық ағарту Комиссары ретінде Қазақ университетіне мамандар тарту мәселесін көтереді. Қазақ педагогикалық институтынан А.Байтұрсынұлын қазақ тілі кафедрасына, Х.Досмұхамедұлын педагогика кафедрасына және Ә.Ермекті математика кафедрасына шақырса, Орта Азия университетінен білікті мамандар Кун мен Смирновты шақырады. О.Жандостың ұсынысымен М.Әуезов Орта Азия университетінің аспирантурасына түседі. Қарап тұрсақ, 1928 жыл. Зиялы қауымға із түскен, сөз жеткен кез. Ораз болса жанқиярлық жасап жүр... 
Одан бөлек, Ораз Қиқымұлы Ахмет Байтұрсынұлының «Практикалық грамматикасын», Жүсіпбек Аймауытұлының «Кемпір мен шал», «Көк өгіз» сынды оқулықтарын Қазақ мемлекеттік баспасынан шығармақ болған. Тіпті Ташкентте Өлкелік комитет нұсқауымен тұтқындалған Мұхтардың «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабы туралы баяндама жасап, кітап болып басылуына атсалысқан, Міне, Ораз Жандостың қылыш жүзінде, қосауыз алдында жүрсе де, жасаған тағы бір көссіз ерлігі.
Ораз Қиқымұлы Қазақстандағы жоғары білім ошақтарының негізін қалауға да үлес қосты. 1929 жылы Қазақ мал дәрігерлер институтын, 1930 жылы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақ ауыл шаруашылығы институтын ашты. Ол тұңғыш жоғары оқу орнының ашылу салтанатында былай деді: «...Бұл университет бірінші кезекте қазақ еңбекшілерінің шаруашылық және мәдени жаңғыруына қызмет жасауға тиіс. Міне, оның тарихи маңызы осында. ҚазМУ қазақ еңбекшілерінің жалпы азаматтық мәдениетке, ғылым мен техника жетістіктеріне, интернационалдық мәдени демократияға және бүкіләлемдік жұмысшы қозғалысына тартылуына мүмкіндік беретін күшті құрал болуы қажет. ҚазМУ мәні практикалық міндеттер тұрғысынан келгенде тек білім беру жұмысымен шектелмеуі керек. Ол қазақ кеңестік ұлттық мектебіне жетекшілік етуге де тиіс...» Бұл сөздің бағдарламалық әрі көрегендік әлеуеті бүгін де жоғалған жоқ. Университет ашылуына орай Ұлттық кітапхана қорындағы 1928 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінің №255 санында «Қазақ университетінің ашылуы» атты мақала беріледі. Жазбасында: «...Қазақстанның алдында зор мәселелер тұр. Жергілікті халықтан өз аймағын жетік білетін, өз аймағын сүйетін оқытушы, шаруа маманы, техник, инженерлер дайындалып шығарылуы керек», – деп жазады. 
Ораз Қиқымұлы 1937 жылдың 31 шілдесінде қамауға алынған, бірақ «халық жауы» ретінде сонау 1929 жылдан бері күдікке ілінген. Бұған Қиқымұлының жоғарыда айтылған Алаш зиялыларына қол көмегі, жүйеге жығылмай жасаған өр қимылдары себеп. Ахаңның ісі бойынша тергелген куәгер Байділдә: «...Бесінші конференция қарсаңында Ораз Жандостың пәтерінде ұлтшылдардың бірнеше рет басқосуы өтті. Конференция тезистерін өңдеп жетілдіру ісіне Сәдуақасов, Бөкейханов белсене араласты», – деп көрсеткен. Қиқымұлының партиялық жазалауға ұшырауы бірінші 1924 жылы, соңғысы 1935 жылы болған. Ал 1937 жылы 19–24 ақпан аралығында өткен Алматы облыстық комитетінің Х пленумында облыстық атқару комитетінің қызметі сынға алынады. Ораз Қиқымұлына партиялық қудалауға түскен Гайсинді жұмысқа алғаны, облыстық комитеттің кемшіліктері сөз болады. Қазақстан Республикасы Президент архивіндегі 8-қордағы 615-істе Ораз Қиқымұлының Пленумда сөйлеген сөзі берілген: «...Бізде кемшіліктер баршылық, әрине, менің жеке басыма да қатысты. Сондықтан бұл кемшіліктер үшін жауапкершілік менің мойнымда. Облыс­тық атқару комитетінің жұмыстарына қанағаттанбаушылық заңды. Себебі іс жүзінде кемшіліктер баршылық...» – деп көрсеткен. Көп ұзамай осы жылдың 29–31 наурыз аралығында кезекті пленумда Ораз Жандосқа «жағымпаз», «көсемшілдікке бой ұрды» деп айып тағылады. 
Тағы бір айта кететін дүние – Ораз Жандос жайында ғалымдар үлкен диспут жасап келеді. Себебі Ораз Қиқымұлын большевиктік жүйенің саяси науқан тұлғасы болған, жалған сенім жетегінде кеткен, жүйенің сойы­лын соққан, Голощекинге ерген сынды пікірлер айтылады. Дегенмен тарихшы Гүлшат Нұрымбетова: «...Голощекиндік ат төбеліндей партиялық азшылыққа жасаған қызметінен гөрі, оның өзінің туған еліне сіңірген еңбегі, қызметі әлдеқайда ауқымды да көлемді. Оның қоғамдық саяси тұлғасы коммунис­тік партия ұйымдастырушысы емес, отаршылдық пен әділетсіздікке қарсы күрескер, ойлы ұстаз, парасатты басшы және ізгі ниетті бастамалар мен үлкен әлеуметтік өзгерістердің басы-қасында жүрген ел жанашыры, халқын алға бастаған өз ұлтының төл азаматы ретінде сипатталуға және құрметтелуге тиіс деп ойлаймын», – деп айтқандай, алашшыл идеяның екінші жарқын толқыны, жұртының қамын жеген қайраткер ретінде тұғыры биік, тұлғасы асқар жан екені сөзсіз. 
Ораз Қиқымұлы мұрасын зерттеймін, зерделеймін десеңіз Ұлттық кітап­хана, «Сирек қолжазбалар қорынан» «Еңбекші қазақ», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан» сынды газет-журналдарынан құнды деректер мен мәліметтер таба аласыздар, оқи аласыздар. 
Қорыта келе, Тұрсын Жұртбайдың «Алаш көсемдері өзінің тарихи міндетін орындап, заман қысымымен ұлттық-саяси сахнадан зорлықпен ысырылғанда, олардың идеясы мен ісін алға апаратын екінші қуатты толқын қалыптасты. С.Сәдуақас, С.Қожан, Ж.Мыңбай, Т.Рысқұл, Н.Нұрмақ, 
О.Жандос сияқты қайраткерлер шықты және олар ұлттық көсем А.Байтұрсынұлының «Ақ па, қызыл ма, бәрібір, қазақ үшін қызмет ет» деген өсиетін орындады» дегеніне толық келісуге болады. Ораз Қиқымұлын зерттеген Г.Нұрымбетованың «Ораз Жандостың соттағы «Мен елімнің бүгінгі қамы мен ертеңгі арманы үшін қолымнан келген көмегімді аяған жоқпын, партия­ға адал қызмет еттім, оны келер ұрпақ өзі күл-қоқырдан екшеп аршып алар» дегеніндей, Ораз Жандос Қиқымұлының кер заманда кеңестік кезеңнің кезеулі оғының алдында жүрсе де, ұлт үшін өзіндік мәдени майдан жасай алды. Оразақын Асқар өз естелігінде былай дейді: «...Қазақстанға Республика атағын беру туралы мәселе қарала бастағанда, бодан елінің болашақ дербестігін аңсаған Ораз арнайы мақала жазып, онда былай деген: «Алаштың жығылған туын тұрғызып, өшкен ұранын шақырып, бірігіп іске кірісер заман жетті. Жоғалғанымыз табылып, Құдай жарылқап, бостандықтың шын жемісін көретін болдық... Кеудесінде түркінің жаны бар, денесінде қазақтың қаны бар, жүрегінде ұлттың ары, намысы бар қазақ баласы, көтер басыңды, аш көзіңді, қуанышың құтты болып, ұзағынан сүйіндірсін, сүйінші!» – деуі ұлтшыл, жанқияр азамат болғанының дәлелі. Саналы жасында құрығы ұзын қызылдардың қатарында жүріп, өзіндік «Мәдени аттаныс» жасаған Қиқымұлының биыл 125 жылдығы. Құс қанат ғұмыр қанатын 38-де соңғы рет қаққанымен, Ораз қыраны көрсеткен, Ораз қыраны шыққан биік аласармайды, тек биіктей береді, биіктей береді. 

Жанболат Абайхан,
Ұлттық кітапхана
«Қазақстан кітаптары» бөлімінің 
қызметкері

1845 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8757

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7059

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4803

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4189

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4151

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4112

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3842

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3842

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы