• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Тайқара

Бүгінгі сөз жазушы-публицист, үлкен жүректі азамат Талғат Айтбайұлы туралы болмақ. Бірақ осы жерде көпшілік жұрт біле бермейтін бір құпияны ашайын. Кім, қашан және неге сүйеніп бергенін білмеймін – Тәкеңнің «Тайқара» деген лақап аты бар. Құрдастары қалжыңдап, «Тайгера» дейді. Мұны кім ойлап тапса да, Тәкеңнің болмысын тап басқан. 
Мен Тәкеңді танығалы отыз жылдың ар жақ, бер жағы. Содан бері жұбымыз жазылған емес, тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Көпшілік таныстардың көзі де біздің бірге жүргенімізге әбден үйренген. Екеумізді бір-бірімізден бөліп қарамайды, етене көреді. Бұл да болса арадағы татулықтың, бауырмалдықтың, сыйластықтың белгісі болса керек.

Меніңше, біздің Тәкеңмен жақын болып кетуіміздің төрт себебі бар: біріншісі, оның балаларымен менің балаларым бір мектепте, бір сыныпта оқыды. Кейін оның тұңғышы Гүлмира мен менің тұңғышым Жұлдыз журналистика факультетіне бірге түсіп, бірге бітірді. Екіншісі, екеуміз де жорналшымыз, қызмет барысы, таныс-біліс­теріміз, қайнаған тіршілік қазанымыз ортақ болды. Үшіншісі, Тәкең екеумізді тек қаламгерлік қана емес, туыстық қарым-қатынас та байланыстырады. Төртінші себебі – екеуміз құдайы көршіміз. Үй арасын тек Есентай өзені ғана бөліп жатыр. Ол Есентайдың арғы бетінде, мен бергі бетінде тұрамыз. Үйден шықпай балконда тұрып-ақ «әу» десек, бес қаруымызды асынып, сол замат жорыққа дайын боламыз. Қысқасы, жақын араласып-қораласуымызға ешқандай кедергі жоқ. Жасыратын не бар, кей-кейде түн ауғанша әңгіме-дүкен құрып отырып, бір-біріміздің үйімізге қонып қалатын кездер де болып тұратынын қалай жасырайын? Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, мен Тәкеңді алғаш танысқан күннен бастап-ақ «көке» деп кеттім. Неге осылай атап кеткенімді өзім де білмеймін. Мүмкін, менен жарты мүшелге үлкендігі болғанынан шығар...
Біле-білсеңіз, көке деген сөз – киелі лексика, қасиетті ұғым. Көке болу – ол үлкен жауапкершілік, кішіге ізет, қарындасқа қамқорлық деген сөз. Одан да таратыңқырап айтсақ, ісі мен сөзі бір жерден шығатын, ел-жұрт дегенде көңілінде бір түйір кірі жоқ, жекебас пендешілігін көптің мүддесі үшін құрбан етуге даяр адам ғана көке болуға лайық. Сондықтан кез келген кісі көке болудың ауыр жүгін арқалап жүре алмайды. Оған да мықтылық керек, салмақ, мінез керек. Олай болса, алғаш танысқан күннен бастап Тәкеңді «көке» десем, оның бойында осындай жақсы қасиеттердің болғаны да...
Тәкеңнің өмір жолына зер салсақ, өзі өмір сүріп отырған ортаға, қоғамдық өмірге көзқарасы бала кезінен қалыптас­қанын аңғарамыз. Әкесі Айтбай Сарыбайұлы Екінші Дүниежүзілік соғысқа тікелей қатыспаса да, қара жұмысына алынып, Қарағанды шахтасында көмір қазған. Сол жұмысы жөнінде: «Бір күні өз арамызда, шахта бойынша рекорд жасадым. Шахтаның көп тиражды газетіне суретіммен қоса жазылған мақала басылды», – деп үнемі еске алып отырады екен. Соғыстан соң зейнеткерлікке кеткенге дейін колхоздың темір ұстасы болыпты. Ауылдағы екі жүз елу үйдің бәрі мал ұстайды. Бәрінің үйінде ол кісінің қолынан шыққан қазықтар әлі күнге дейін бар. Ел бірсөзділігін, шындық үшін шырылдайтынын, айтса – дөп айтатын ерекшелігін,еңбекқорлығы мен тиянақтылығын ұнатыпты.
Енді аяулы анасы Балакүл Жолшайқызына келсек, маңдайы торсықтай-торсықтай он алты құрсақ көтереді. Солардың он үшін аман-есен жеткізсе, бүгінде 11-і арамызда жүр. Біз Айтбай атамызды көрмесек те, Балакүл апамыздың көзін көрдік. Жарықтық, денсаулықтың арқасында тоқсан үш жасап, өмірден бақытты тірлік кешіп өтті. Жаз бойы ауылда мұрап болып, бүкіл ауылдың суына иелік еткенін тілге тиек ететін.
Көкем көкірек көзіне ерте қонақтаған қоғамдық пікірді жарыққа шығаратын жалғыз мүмкіндік журналистика деп білді. Талғат Айтбайұлы журналистиканы тағдырым, өмірім деп қабылдады. Таңдаған жолынан әлі күнге айнымай келеді. Біреу­лер секілді журналистен жазушы болуға ұмтылған қалың нөпірдің қатарын толтырған жоқ. Өмірдің өзін өрнектеген ащы да тұшымды публицистикалық дүниелер жазумен ғана шектелді. Көркем сөзді қалауынша кестелеп, кеңінен көсілуге қабілет-қарымы толығымен жететінін білсе де, өзі таңдаған жанрдан өзге салаға бұрылмады. Өйткені мінезі солай. Оның қолынан шыққан кітаптар тек деректі дүние­ге ғана негізделіп жазылған. Бала күннен армандаған ісіне бүкіл саналы ғұмырын арнады. Басқалар биліктің көңіліне тимес үшін жоқ жерден бұғып қалып жатқанда, Тәкеңдердің талай рет басын бәйгеге тігіп, жүректегі сөзін айтып, күрескерлік мінез көрсетіп жүргені сондықтан. Мен деген журналистердің өзі дауаламай, қарсы келген «жаудан» жылыстап кететін жол іздеген сәттерде тәуекелге бел байлап, «ереуіл атқа ер салды». Былайша айтқанда, менің Талғат көкем – «тірі болсам, еліме, жеріме қызмет етпей қоймаймын» деген антына, журналист деген атына қылау түсірмей келе жатқан санаулылардың бірі.
Жалпы, Тәкең кейбір қиындықтарды өзі тілеп алатын сияқты. Өйткені мінезі солай. Ол журналистік жұмысты тым ерте бастады, төменгі буыннан. Үшінші курс­та оқып жүргенде Қазақ радиосына редактор болып, бастауыштың балаларына арналған «Пионер серігі» радиогазетін жүргізді. Одан «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысты. Kөп уақыт өтпей Қазақстан комсомол-жастарының «Арай» журналына бас редактордың орынбасары қызметіне шақырылды. Ол жерде де ұзақ аялдаған жоқ. Бір жылдан соң Алматы облыстық «Жетісу» газетіне бас редактордың орынбасары болып барды. Тағайындалған күні шынайы жанашыр жұрт бірінен соң бірі құттықтап кіріп шыға бастапты. Бұл Тәкеңнің сүйсініп айтатын әңгімесі болғандықтан, әрі қарай өзі жалғастырсын: «Шұғыл жұмыс істеп, қандай шаруаны да тез тындырып, солай болуын өзгелерден де қалайтын маған ана жер басқаша көрінді. Содан осы қызмет керек пе маған деп ойладым. Осы ойдың басыма келуі мұң екен, өзімнен-өзім мазам қашсын. Не керек, кешке дейін әрең шыдадым-ау... Кешке қарай келген әріптес­теріме: «Достар, менің жаңа қызметіммен құттықтап, қуанышымды бөліскендеріңе көптен-көп рахмет. Мен сіздерге ризамын. Ал, енді менің орынбасар болғанымды көрдіңдер ғой?» – деп сұрадым олардан. Олар «көрдік» деді. Мен «Мойындайсыңдар ғой!» – деп одан әрі қыжырттым. Олар жапа-тармағай: «Мойындаймыз», – деді. «Онда, – дедім мен маңғазданып, – менің «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары деген қызметтік ғұмырым осымен тамам!» – дедім. Мұндайды күтпеген достарым «мынаның айтып отырғаны шын ба, өтірік пе» дегендей бір-біріне алақ-жұлақ қарап, бір сәт үнсіз қалды. Екінің бірі келе алмайтын, келсе де әлдекімге арқа сүйеп келетін үлкен лауазым ғой. Олар қалжыңы шығар деп ойлады. Бірақ мен қызмет орнымды өз еркіммен босатып, «Арайдағы» қызметіме қайта бардым». 
Тәкеңнің бұл қызметі еңбек кітапшасында жазылған ба, жазылмаған ба – оны білмеймін, алайда шежіресі терең, еліміздегі ең іргелі басылымдардың бірі саналатын «Жетісу» газетінде бір күн басшылық қызметте отырып, тіпті біз білетін барша басылымдардың ішінде өз еркімен үлкен қызметтен бас тартқан жалғыз адам болып тарихта қалатыны айдан анық. Айтыңызшы, мұндай айтулы лауазымнан өз еркімен кім бас тартады? Ал Тәкең бас тартты. Ол осылайша өзін пенделіктен жоғары ұстағысы келді. Адамдардың ішіндегі адам болып қалғысы келді.
Тәкеңнің ғұмырбаянына көз жіберіп отырсаңыз үнемі осы – әлдебір тәуекелдің желқайығына мініп жүргені. Кейін «Халық кеңесі» газетінде, бертінде «Жас қазақ» газетінде де басшылық қызметтер атқарды. Соның бәрінде қызметі түрлі «қиял-ғажайып» оқиғалармен аяқталып отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Себебі ол осы келген жасына дейін не нәрсені бастан кешпеді? Сүрінген соқпақты жолдары да болды, өрге қиялап шауып та көрді, еңіске қарай домалап та көрді. Көрмегені жоқ... Талай мәрте мақтаудың да, даттаудың да, мақтап отырып мақтамен бауыздаудың да дәмін татты. Сондықтан болар, мақтау сөздің не екенін білсе де, өзін одан барынша аулақ ұстауға тырысты. Бір қызығы, өзі жеткен жетістіктері туралы да айқайлап айтуға оның қыры жоқ. Өзін-өзі мақтау мен мақтатуға да ар-ұяты жібермейді. Өйткені мінезі, туабітті табиғаты келмейді. Отырды, жазды. Таң бозарып атқанша, қолы сүйелге айналғанша...
Тәкең, негізінен, батыл адам, тіпті кейбір айтқандары адам өлтіреді. Кейде аузынан жалын атқылап тұратын «дзотқа» атойлап тіке шабатын кездері де бар. Өлгеніне, қауіп-қатердің төнгеніне қарамайды. Себебі әділетсіздікке жаны қас. Сол мінездің кесірінен талай сүрінді. Бірақ азаматтық ұстанымынан бәрібір айныған жоқ. Мен білетін Тәкең бір нәрсені қарауылға алса, соның аяғына жетпей тоқтамайды. Нағыз туабітті журналист. Тақырыбын қайта-қайта қазбалап, мәселенің ақ-қарасын анықтайтын мәліметтермен деректер жинап, түп-тұқия­нына жеткенше, басқаға да маза бермейді, өзі де маза таппайды. Өзіне де, өзгеге де талап қоя біледі. Журналистика мамандығына аса қажет мінез. Кәсіпқой журналист Талғат Айтбайұлының бойында осы қасиеттердің бәрі бар дей аламыз.
Шындық, туралық – Талғаттың болмысы. «Тәкең – жай журналист, репортер, публицист-жазушы, баспагер, қасиетті Желтоқсан көтерілісінің іздеушісі ғана емес, ол ұлттық болмысы айқын қайраткер-қаламгер деуге әбден лайық тұлға. 
Асылы, қолына қалам ұстаған қай қаламгерді де өзі ғұмыр кешкен уақыт пен ортадан тыс елестету мүмкін емес. Биыл жетпісті еңсеріп отырған Талғат Айтбайұлы туралы да соны айтуға болады. Менің Талғат көкемнің жүріп өткен жолы мен атқарған ісінде ұялатын ештеңе жоқ, қайта адам сүйсінерліктей істермен басқаларға үлгі болғанына көзіміз жетеді. Бәрін бірдей қазбаламай-ақ, соның кейбірін тілге тиек етейік. Жуалы ауданын қақ бөліп, тау-тас­ты бұзып шығысқа қарай ағып жатқан Теріс өзенінің солтүстік батысындағы адыры мен сай-саласы көп қара даланы ежелден «Қошқарата өңірі» деп атайды. Өлкетанушылардың айтуынша, бұл өлкедегі Үшаша, Қостұра, Жолбарысқамал, Боралдай, Ордаған, Қызтоған, Күреңбел, Садырқамал, Кәрітоған, Көлтоған, Бөкей тауы, Қоғалы, Ақтасты, Қаратасты, Төңкеріс деп аталатын тарихи жер атауларының бәрі – осы Қошқарата өңіріне жатады. Қырғыздың Күркіреусуынан жететін дала жолы Бақатыны қиялап, Аралтөбе, Қош­қарата арқылы Қаратау жақтағы Шаянға өтіп, одан әрі Бетпақдаланы басып, Ұлытауды бетке алады. Осы тарихи өңірдің жуан ортасында атақты Қошқарата ауылы орналасқан. Бұл ауыл  – Тәкеңнің кіндік кесіп, кір жуған туған жері.
Кез келген ауылдың өз тарихы, өз тыныс-тіршілігі, өз проблемасы бар десек, Қошқарата ауылының да шешімін тапқан-таппаған мәселелері жеткілікті. Ауылдағы осындай шешімін таппаған мәселенің бірі – төр жақ беттегі көне қорым орналасқан аумақ. Әсіресе Тәуелсіздік алғаннан кейін шаруашылықтар тоз-тозы шығып тарап, материалдық игіліктер талан-таражға түскенде, ұжымшар қарамағындағы мұндай пайдасыз нысандар мүлде қараусыз қалды. Сондай жабайы көзқарастың кесірінен қараусыз, ашық-шашық қалған жердің бірі осы көне қорым еді. Ең қынжылтатыны, қорымдағы киелі Сопақата әулиенің бейіті аяқ асты болып, мүлде құрып-бітуге айналған-ды. Туған жер үшін талай жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысқан жан осы жерде мәңгілік тыныш тапқан. Кезінде қатарластары қадірлеп өтсе, бүгінгі ұрпақтар басына барып дұға оқытатын, тілек тілейтін қасиетті орынға айналдырған. Талғат осы Сопақата әулиенің басына кесене орнатуды көптен ойластырып жүрген еді. Соның реті 2021 жылы келді. Халық батыры, ел пір тұтатын әулиенің бейітін жаңартып, үстіне құрылымы өзгеше кесене тұрғызды. Айналасын темір шарбақпен қоршауға ықпал етіп, айналасына тал екті. Бұл сауабы мол жұмыста оған белгілі кәсіпкер, меценат Ордабек Құматаев деген арда жүрек азамат қолқабыс жасағанын тілге тиек ете кетсек, артық емес.
Тәкеңнің ауылға жасаған тағы бір өнегелі ісі – өзі оқыған, кейін бірер жыл ұстаздық жасаған Абай мектебіне Қошқарата өңіріне қатысты талай мәліметтерден хабар беретін музей ашуға ұйытқы болуы. Музей, негізінен, мектеп тарихынан, ауылдан шыққан, бүгінде елімізге кеңінен танымал ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері өмірінен сыр шертеді. Экспонат ретінде әр жылдары ауыл тұрғындары қолданған көне заттар мен фотосуреттер, газет-журналдардың тігінділері мен кітаптар қойылған. Мысалы, жиырма жасында «Ақ бидай» романын жазған Әміртай Бөрі, белгілі балалар жазушысы Алпысбай Шымырбайұлы, қаламгер Қасым Әзімханов, таланты енді ашылып келе жатқанда қапыда қыршын кеткен тамаша ақын Бауыржан Үсенов тағы басқаларға арналған арнаулы бұрыштар бар.
Енді Қошқаратадан Алматыға ойыса­йық. Қазақтың қадірлісі атанған Ақселеу Сейдімбековті білмейтін жан жоқ шығар. Тәкең осы кісімен Қожамқұлов көшесіндегі 128-үйде көп жыл көрші тұрды. Сыйлас, сырлас болды. 1997 жылы астана Алматыдан қазіргі Астанаға ауысқанда Ақаң да сол көшпен бірге Сарыарқаға кетті, ал Тәкең жылы орнынан қозғалмаған. Бірақ көп кешікпей арда Ақселеу өмірден қапыда озды деген қаралы хабар бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Сондағы Тәкеңнің ағыл-тегіл болған күйін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді-ау!.. Сонда ғой, кеше ғана дос-жаран болып жүргендер ол кісіні мәңгі өмір сүреді деді ме екен, кім білсін, қаралы жиынға келмек түгілі, бірауыз қоштасу сөз жазуға жарамады емес пе? Ал Тәкең не істеді? «Ана тілі» газетіне «Ақаңның аялы алақаны» деген үлкен эссе жазып, Жазушылар одағын араластырып, Алматы қалалық әкімшілігіне қозғау салып, Ақаң тұрған үйге ескерткіш тақта орнатуға бастамашы болды. Сөйтіп, өмірі өнеге болған жазушы, соңғы топырақ туған жері Ұлытаудан бұ­йырған марқұм Ақселеу Сейдімбектің Алматыдағы шынайы жоқтаушысы бола білді. 
Бұл – «Талғат Айтбайұлы кім?» деген сұраққа берер жауабымыздың бір парасы ғана. Ағамыздың жан жары Нұрбақыт та пейілі кең, қолы ашық, мейірбан жан. Қашан барсаң дастарқаны жаюлы, шайы құюлы, еті асулы.
Ең қызығы, мені Болат демейді, Бөкентай дейді. Жеңгенің қайнысына ат қойғаны секілді. Осылай шақырғаны өзіме сұмдық ұнайды. Ұнағанда қандай! Көңілі түссе, «менің қоңыр қаздарым» деп қоятыны бар. Мұндайда тіпті еріп саласың. Басында жеңешемнің қоңыр қаздары тізімінде екеу ғана едік: Талғат көкем және мен. Сәл кейі­нірек қатарымызға Ордабек дос қосылды. Сосын, ол тізім біртіндеп ұлғайды. Қазір ұзын саны бес-алтауға жетіп қалды-ау, шамасы... Расы, Нұрбақыт жеңешемнің «қоңыр қазы» болу... ох-о-о, бір рақат дүние . «Қоңыр қаз» болып көрмегендер оны бәрібір түсінбейді. Өйткені ол рақатты сезіну үшін «қоңыр қаз» болып туу керек. Бұл құрметке тек таңдаулылардың таңдау­лысы ғана құқылы. 
Талғат Айтбайұлы – шын мәнінде халықтан шығып, халықтың сөзін сөйлеп, халықтың көкейіндегі күйін шертіп, қазынасын қопарып, мұң-мұқтажын арқалап, енді сол халықтың бел баласына айналып бара жатқан халық азаматы. «Адал болмай, азаматпын демегін», – дейді Баукең Момышұлы. Тура Талғат көкеме қарата айтылған сөз сияқты. Онысын ол осы уақытқа дейін тындырған ісімен дәлелдеп қоймай, енді тындыратын ісімен де жалғастыра берері күмәнсіз... 
Достыққа адал, табиғаты таза, жүрегі ақ, маңайына нұрын шашып жүретін менің Талғат-Тайқара көкеме Құдайдың көзі түзу болсын!

Болат ШАРАХЫМБАЙ

260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8765

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7061

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4805

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4191

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4153

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4114

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3844

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3844

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы