• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

ДЗЮДО – МЕНІҢ ӨМІРІМ

Елімізде дзюдодан 60 кило салмақта Олимпиада лицензиясы үшін тартыс қызу жүріп жатыр. Әсіресе 21 жастағы Нұрқанат Серікбаев тіс қаққан дзюдошыларға дес берер емес. Сәуір айында әлемдік рейтингіде 12-орынға көтерілді. Көмбе көрінер тұста Тайбурылдың шабысы да ерекше. Шашасына шаң жуытқысы жоқ. Психология тұрғысынан сақ әрі мығым. Сонысымен де жанкүйер жүрегін жаулап алған. Осы орайда «Жамбыл әдісімен» әлемді таңдандырып жүрген дзюдошымен  сұқбаттастық.

 

Тараздан түлеп ұшқанмын

Тараз қаласының тумасымын. 6 жасымда ата-анам жұмыс бабымен Атырау қаласына көшіп келді. Осылайша, спорттағы тұсауымды осы қалада кестім. Әкем спортқа бейім екенімді байқап, спорт залына жетектеп апарды. Әкемнің өзі кезінде классикалық күреске қатысқан. Бірақ сол тұстағы кейбір жағдайға байланысты мансап кірпішін қалай алған жоқ. Меніңше,  жолы болғанда әкемнен мықты спортшы шығар еді. Ол – күрес түрлерінің,  соның ішінде грек-рим күресінің жанкүйері. Жарыстарды, жаңалықты барынша қадағалап отырады. Әкеммен бірге Рио-де-Жанейро Олимпиадасын көргеніміз ерекше есімде қалыпты. Сонда Елдос Сметовтің белдесуін тамашалағанда «Мен де осылай ел намысын қорғай аламын ба» деп өзіме іштей сұрақ қойғанмын. Сонда ойымды білгендей әкемнің арқамнан қаққаны белгі сияқты көрінген. Оның маған сенім артатыны үлкен күш берді. Содан бері осы жолда талмай еңбектеніп келемін. 
7-сыныпқа көшкенше Атырауда тұрдық. Тоқтаусыз шынықтым, азды-көпті ел ішіндегі жарысқа қатыстым. Кейін Таразға оралып, облыстық мамандандырылған спорт мектебіне оқуға қабылдандым. Оның өзі есте қаларлықтай оқиға. Кәдуілгі мектеп емес, өзінше заңы, тәртібі бар. Оқуға қабылдану да оңай жұмыс емес. Іріктеу кезеңінде 10–15 күндей бапкерлер аяқ алысыңды байқап, күрестіреді. Сонда икемім барын байқаған Қуат Озғанбайұлы оқуға бірден қабылдады. Әлі күнге осы бапкерден тәлім алып, бірге биікке көтеріліп келеміз. Тынбай жаттығу мен темірдей тәртіптің арқасында түрлі додада топ жардым. 10-сыныпта жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы атандым. Азия кубогінің жеңімпазы әрі жүлдегері болдым.  

Ата-ана артқан сенім

Иә, мансаптағы өрлеу біреуге көрген түстей көрінеді. Бірақ ол жолдың қалтарысында қаншама қиындық, күш-жігер, қолдау мен сенім жатыр. Мысалы, жасөспірімдер арасында «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты жігіттер болды. Алайда топ ішінен ересектер құрамына өтіп, әлемдік додада бақ сынап жүргені – өзім. Кейде осыған таңданамын. Біріне мотивация, біріне қолдау жетпеді. Бақтың әркімге әрқалай қонатыны тағы бар. Бұл жолда талмай еңбектенген ғана нәтиже шығара алады. «Күні-түні спортзалдан шықпа» деп отырғаным жоқ. Тек еңбек ету мен тәртіпті ұштастыру керек. Тағы бір қызығы, 9-сыныпқа дейін егізім Нұрболат екеуміз бірге жаттықтық, бірге сынға түстік. Тай-құлындай тебісіп өстік. Кез келген затқа таласып қаламыз. Сөйтеміз де бірден күресе кетеміз. Содан шымыр болып, соңына дейін қайтпау бойға сіңді. Ол да мықты белдесетін. Екеуміз қатысқан бәйгеде міндетті түрде финалға шығатынбыз. Ақтық сында күреспей, «тас, қағаз, қайшы» ойыны арқылы кім ұтатынын шешетінбіз. Қазір әлеуметтік желіде трендке шығып жүрген осы әдісті әлдеқашан бастап бергеніміз бар.  Бірақ Нұрболат 9-сыныптан кейін басқа салаға ауысты. Оқу оқып, өз жолын тапты. Кейде спортты  таңдағанында екеуміз әлемді бірге бағындыратын ба едік деп ойлаймын...
Спорттағы мотивациям – ата-анам. Олар менің ертеңіме сенген жандар. Сондықтан осы жолда қандай да бір жетістікке жетсем, ата-анамның аяғын жерге тигізбейтініме бекінгенмін. Осы ойым қанат қағуыма, биікке самғауыма көмектеседі. Ең алғаш Антальяға табаным тиді. Жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогінде 3-орын алдым.  Жете сала ата-анама қоңырау шалып, «мына жер керемет екен, бұйырса, сіздерді осында әкелемін» деп айтқанмын. Ата-анам әлі күнге сол жерге апаруымды күтіп жүр (күлді. – Авт.). 

Шешімді өзгерткен жарыс

2019 жылы Алматы қаласында дзюдодан Кадеттер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Сол додада топ жардым. Бұл маған үлкен күш берді. Бұдан бұрын да жастар арасындағы Азия чемпионы атандым, Еуропа кубоктерінде жүлдегер болдым. Бірақ дәл осы Алматыдағы бәсеке бойыма күш берді. Осы тұста бір шындықты мойында­йын.  «Спортты қойып, басқа жолды таңдайын ба?» деп ойланып жүргенімде аталған доданы еске алдым. Өйткені жарақат алып, тобығымды шығарып алған соң уайымдап жүргенмін. Жарақат алу спортшыға ауыр тиеді. Қатарластарың оқ бойы озып кеткендей, ал сен кенде қалғандай күй кешесің. Әлсіз болып қалғандай, бірдеңе жетпей тұрғандай болады. Осылайша, Кадеттер арасында әлем чемпионы атанған соң, бір жыл үзіліс алдым. Қатарға қосылған соң, қатарынан екі-үш жарыста ұтылдым. Маған соққы болды. «Түрлі ой мазалады» деп отырғаным осы еді.  Сонда ата-анам мен жақындарым «сен жастар арасындағы әлем чемпионысың, әлі-ақ Олимпиадада бақ сынайсың» деп қамшылады. Осы сенім маған күш беріп, темірқазық болды. Тоқтап қалмай, кері шегінбей, нонстоп режімге бас қойдым. Осылайша,  2022 жылы Бангкокте өткен жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жардым. Менің талпынысымды көрген басшылық ересектер құрамасына қабылдады. Ал бұл кез келген дзюдошы үшін таптырмайтын мүмкіндік еді.
2023 жылы алғаш рет ересектер арасындағы әлем біріншілігіне қатысып, жетінші орын алдым. Мұқалғам жоқ, тәжірибе деп қабылдадым. Тайбэй мықтысы Янг Юн Вэйді жеңіп, жартылай финалда атақты Такатодан ұтылдым. Қобалжыған жоқпын, тек білгенімді жетілдіру керегін түйдім. Мұндай қасиет бала кезден бойыма сіңген. Татамиде үлкен-кіші, мықты-әлсіз жоқ. Бәрі теңдей қарсылас, мүмкіндік бірдей. Тек осал тұсын тауып, ұтымды әдіс қолдансаң жеткілікті. Оның үстіне белдесу алдында бапкермен бірге әр қарсыласты саралап, арнайы тактика қоямыз. Жанкүйерлер де «кіммен шықса да, Нұрқанаттың көзінде от бар» деп жатады. Осы отты сөндіріп алмас үшін еңбек етіп жүрмін. Қызығы сол, Елдос Сметов те ересектер арасындағы әлем біріншілігін жетінші орынмен бастаған екен. Мұны да жанкүйерлерім зерделеп жазып жіберген екен. Кейін өзім де қарап көрсем, ақпарат дұрыс екен. Елдос ағамның жолын берсе, жаман болмаспыз. Өзі де бізге әрда­йым тілекші. Бар білгенін үйретіп жүр. 

Алғашқы алтынның әсері

Одан кейін Ташкентте өткен «Grand Slam» бәсекесінде күміс медальды қанжығаға байладым. Бұл – ересектер арасында алған алғашқы жүлдем. Осылайша, ұпай үстіне ұпай қоса бердім. Биыл наурыз айында Тбилисиде өткен «Grand Slam»  турнирінде алтыннан алқа тақтым. Бұрын үздіктер қатарынан көрінсем де, әнұранды әуелете алмай жүр едім. Соның сәті түсіп, кеудемді қуаныш кернеді. Әрі жүлдем Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер үшін екі есе қуаныш. Ата-анам қатты қуанып, жақындарым білгенімнен жаңылмауға кеңес берді. 
Жақында Гонконгте өткен Азия чемпионатында бесінші орын алдым. Қателік жіберіп алдым. Жартылай финалда Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юн Вэймен белдесіп, қосымша уақытта ескерту саны бойынша ұтылдым. Жұбаныш белдесуінде қарсыласымды «ваззари» ұпайымен жеңіп жатқан едім. Соңғы минутта босаңсығанымды қарсыласым пайдаланып кетті. Қазір бүкіләлемдік рейтингіде 12-орында тұрмын. Олимпиадада ел намысын қорғау үшін Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин және мен 60 кило салмақта «таласып» жатырмыз. Білесіздер, маусым айында кім бүкіләлемдік рейтингіде топ 20-ға іліксе, сол Париж төріне барады. Егер үшеуміз де жиырмалыққа еніп тұрсақ, әрі қарай шешімді федерация қабылдайды. Мұнымен тоқтамайтыным анық.  3 мамыр күні Тәжікстанның Душанбе қаласында өтетін «Grand Slam» турниріне қатысамын. Содан кейін Астанада өтетін додаға көрермен ретінде қатысып, әрі қарай Абу-Дабиде өтетін әлем біріншілігіне дайындаламын. Өйткені екі сынның арасында 9 күн ғана демалыс бар. Спортшы әр жарыс арасына бір ай  салып қатысып, күш жинауы керек деп ойлаймын. Сондықтан Астанадағы турнирге қатыспаймын. Ал әлем чемпионаты 19–24 мамыр аралығында өтеді. Барынша ұпай алуға тырысамын. 

Жамбыл жерінен Парижге дейін

Қайталаймын, дзюдо – менің өмірім, жұмысым. Иә, біз ай сайын жалақы аламыз. Артылып жатпаса да, жеткілікті. Әрине, өзіңді бәйге атындай баптаймын десең, қосымша қаражат керек-ақ. Десе де арнайы диета ұстаймын. Ақуызды көп тұтынып, көмірсуды азайтамын. Екі уақыт жаттығу жасаймын. Таңғы 07:00-де оянып, 22:30-ге дейін ұйқыға жатамын. Ұйқы – спортшы үшін маңызды дүние.  Таңертең және кешке қарай міндетті түрде таза ауада серуендеймін. Жарыс уақыты жақындаған сайын көп күш жұмсамай, баппен дайындалып жүрмін. Қазір Алматы қаласындағы дзюдо академиясында жаттығып жүрмін. Арасында Таразға барып, өзім түлеп ұшқан спорт мектебінде дайындаламын. Дұрыс айтасыз, осы тұста Астанадағы олимпиадаға даярлау орталығының құрылысы бітпей жатқаны қынжылтады. Сондай бірорталықтандырылған жерде дайындалсақ, жақсы болар еді. Жататын жері, асхана мен жаттығу залы бір жерде болады. Әрине, бастысы, аура бөлек, спортшылармен қоян-­қолтық араласатын едік. Негізі, Алматыдан дзюдошыларға арналған үлкен орталық салынса деп ойлаймын. Өйткені шетелге ұшу да, жаттығу жиыны да көбінесе осы қалада өтеді. Десе де Олимпиадаға дайындық басталғалы бері федерация дәруменді түгендеп, таратып берді. Мұның өзі үлкен көмек. 
Құрамада бір дәрігер мен бір массажист бар. Массажист жеткіліксіз екені рас. Дегенмен амалдаймыз. «Әр федерацияда психолог жұмыс істеуі керек» дейтін пікірді қолдаймын. Себебі психологиялық түрде да­йын жүрген дұрыс. Дзюдо федерациясында жарты жыл көлемінде психолог жұмыс істеді. Жақында жұмыстан шығып кетті. Сол маманнан үйренгенім көп. Ашуланып тұрған сәтте эмоцияны ұстау, тәжірибелі балуанмен белдескенде психология тұрғысынан сынып қалмау жағынан кеңес берді. Әлі күнге психологтің айтқанын қайталап, тәжірибе жүзінде қолданамын. Спорттың өзі эмоция, соның арасында спортшы «кү­йіп» кетпеуі керек. Бірақ психологті қажет етпейтін спортшылар да бар. Бала кезден қалыптасып, өзінше тактика ұстайтын балуандарды да танимын. 
Иә, Париж олимпиадасына жүз күннен аз уақыт қалды. Олимпиаданы ойлағанда іштей толқитынымыз бар. Осы салмақтағы қарсыластарды саралап, қолданатын тәсілін жіліктеп жүрміз.  Жапон  Рюджи Нагаямо мен Тайки Накамура, Тайбэй үміті Янг Юн Вэй, француз Лука Майсурадзе – 60 килодағы мықты балуандар. Аталғандармен бәсекеге үнемі дайындалып жүремін. Психология тұрғысынан сынып қалмау үшін де іштей жұмыс істеймін. Білесіздер, «Жамбыл әдісі» – менің қаруым. Көбінесе, қарсы шабуыл ретінде пайдаланамын. Сәті түсіп жатса, осы әдіспен әлем үздігін қапы қалдырсам, бір ғанибет емес пе?

Жазып алған 
Айзат Айдарқызы

330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8784

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7074

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4817

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4203

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4165

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4126

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3856

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы